Атырауда сауда желілері төтенше жағдай кезінде бағаны шекті деңгейден көтеріп жіберген. Сауда қызметіне қатысты заң талабын бұзғандарға салынған айыппұл көлемі – 2 млн 817 мың теңге. Бұл туралы Казинформ жазды.
Атырау облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Еркебұлан Тағашевтың мәліметінше, биылғы 6 айда «Сауда қызметін реттеу туралы» заң талаптарын бұзған 51 кәсіпкерлік субъектіге жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
«Тексерудің қорытындысымен 46 кәсіпкерлік субъектіге шара қолданылды. Атап айтқанда, 16 ескерту, 30 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 2 млн 817 мың 691 теңгені құрады», -дейді Еркебұлан Тағашев.
Оның айтуынша, мамыр айында Атырау облысының әкімдігі өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшері бекітілген. Осыған орай мониторингтік топ апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалаған. Сондай-ақ, өңірдегі сауда нысандарының иелеріне бағаны тұрақтандыру жөнінде түсіндірілген.
«Тұтынушылардың арызына сәйкес Атырау қаласындағы «Анвар», «Марко», «Ярмарка», «Маша Фрут», Құлсары қаласындағы «Идеал» супермаркетіне және «Ілиясова Г.Б.» жеке кәсіпкерлігіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 202-бабына сәйкес шара қолданылды. Өйткені, олар төтенше жағдай кезінде белгіленген тауарларды шекті бағадан асырып сатқан», — деп хабарлады Еркебұлан Тағашев.
Сондай-ақ, департаментке жыл басынан бері тұтынушылардан 424 арыз түскен. Оның ішінде 230 арыз қанағаттандырылған. Ал, 82 арыз иесіне сотқа шағымдану жөнінде жазбаша түсінік берілген. Сонымен бірге, 84 арыз тиісті мемлекеттік органдарға қайта жолданған. Қазір 20 арыз қаралып жатыр, 8 тұтынушы арызын кері қайтарып алған.
«Тұтынушылар арызын қарау кезінде жоспардан тыс 12 тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне 10 ескерту берілді. Департамент тарапынан берілген нұсқауды орындамағаны үшін Атырау қалалық мамандандырылған сотының қаулысымен «Мечта Маркет» ЖШС-ға 1 млн 300 мың теңге көлемінде айыппұл салынды», -деп мәлім етті Еркебұлан Тағашев.