Атырау облысының су айдындарынан маусымнан бері 49,9 млн балық шабағы құтқарылды. Балық шабақтары Жайық өзеніне жіберіліп жатыр. Бұл туралы Казинформ жазды.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нұрлыбек Ғайсиннің айтуынша, Махамбет ауданының Бейбарыс ауылының аумағындағы Сарыөзек каналынан 520 мыңнан астам балық шабағы құтқарылған.
«Көктемгі су тасқынының салдарынан Жайық өзені арнасынан асып, Сарыөзек каналына құйылған. Тасқын сумен бірге арнаға балық шабақтары түскен. Маусым айында Жайық өзеніндегі су деңгейі тұрақтанды. Ал, тасқын су арнада өскен балық шабақтарымен бірге жиналып қалған», -дейді Нұрлыбек Ғайсин.
Оның айтуына қарағанда, арнада жиналған балық шабақтарын тірілей сақтап қалу үшін насос арқылы су жіберіліп жатыр. Балық шабақтарын құтқару жұмыстары жалғаса береді.
«Құтқарылған балық шабақтарының түрі әралуан. Мәселен, сазан, табан, көксерке, жайын, мөңке шабақтарының орташа салмағы — 12-14 грамм. Биылғы маусым айынан бері Атырау облысының су айдындарынан 49 млн 920 мыңнан астам балық шабақтары құтқарылды. Оның ішінде Құрманғазы ауданының аумағынан 39 млн 900 мың, Индер ауданындағы су айдындарынан 8 млн 500 мың, Махамбет ауданынан 1 млн 520 мың, Атырау қаласында 35,5 мың дана балық шабағы құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілді», -деп мәлім етті Нұрлыбек Ғайсин.