Атырау облысында жыл басынан бері 6 баланың терезеден құлау дерегі тіркелген.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сәбит Борашевтың айтуынша, кейінгі кезде балалардың жазатайым оқиғаға ұшырауы жиілеген.
«Әсіресе, 2-7 жасқа дейінгі балалардың терезеден құлауы көбірек кездеседі. Негізгі себеп – оңай ашылатын пластикалық терезе. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне салғырттық танытады. Көпшілігі балаларын үйінде қараусыз қалдырып кетеді. Осындай себептің салдарынан жыл басынан бері 6 бала терезеден құлады», — дейді Сәбит Борашев.
Оның мәліметіне сүйенсек, төтенше жағдайлар департаментінің ұсынысымен әлеуметтік тұрмысы төмен 30 отбасының үйіне терезені бұғаттайтын арнайы тетік орнатылған. Мұндай тетікті орнатуға демеушілер қолдау көрсеткен.
«Бұл тетіктің балалардың қауіпсіздігі үшін пайдасы зор. Біріншіден, терезенің кең ашылуына кедергі келтіреді. Екіншіден, балаларды терезеден құлаудан сақтайды. Ең бастысы, ата-аналарға балаларды келеңсіз жағдайға ұрынуыдан қорғау үшін оларды үйде жалғыз қалдырмау қажеттігін ескертеміз», — деп мәлім етті Сәбит Борашев.