Атырау облысының полицейлері жыл басынан бері велосипед ұрлаған 18 күдіктіні ұстады. Күдіктінің бірі ұрлаған велосипедтер ломбардтардан табылды.
Атырау облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Тұрлыбек Назымбековтің айтуынша, мұнайлы шаһарда жиі тіркелетін қылмыстың қатарында велосипед ұрлығы бар.
«Полиция қызметкерлері қылмыстың қатарына жататын ұрлықтың алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткізіп келеді. Сондай іс-шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері облыс аумағындағы тұрғын жайлардың маңынан велосипед ұрлаумен айналысып жүрген 18 күдікті анықталып, ұсталды. Ұрланған велосипедтер иелеріне қайтарылды. Мәселен, Атырау қалалық полиция басқармасына қарасты криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы кезінде 2002 жылғы күдіктіні анықтады. Күдіктінің ұрлаған велосипедттері мұнайлы шаһардағы ломбардтардан табылып, тәркіленді», — дейді Тұрлыбек Назымбеков.
Оның айтуына қарағанда, күдікті қамауға алынған. Дәл осындай 4 қылмысқа қатысы бар екені анықталып отыр.
Өңір тұрғындары мен қонақтарына бөтеннің мүлкін жымқыру, ұрлау дерегі үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеміз. Қылмыстың жәбірленушісі немесе куәгері болған тұрғындарға 102 арнасына жедел хабарлауды сұраймыз», — деп мәлім етті Тұрлыбек Назымбеков.