Атырау облысы бойынша «Ауыл жастарының азаматтық белсенділігін дамыту бағдарламасы» шағын гранттар конкурсына өтінім қабылдау басталды.
1-4 шілде аралығында жоба аясында Атырау облысының 7 ауданында бастамашыл топтардың әлеуметтік жобалары үшін шағын гранттар конкурсы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Жобаны Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жаныңдамын» қоғамдық қоры ұйымдастыруда.
Басты мақсат — шағын әлеуметтік жобалар арқылы Атырау облысының Махамбет, Индер, Мақат, Қызылқоға, Жылыой, Исатай, Құрманғазы аудандарындағы ауылдық елдімекендердің әлеуметтік проблемаларын шешуге жергілікті қоғамдастық мүшелерін, бастамашыл топтарды тарту болып табылады.
Атылмыш жоба төмендегі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
— Ауылдық жерлерде инженерлік инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсету;
— Қоғамдық кеңістіктерді дамыту;
— Ауылдарда туризмді дамытуға ықпал ету;
— Тарихи орындарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар;
— Балалар, жастар, ауыл тұрғындарының біліктілігі мен шығармашылығын дамыту;
— Жергілікті тұрғындардың мәдени дамуына жағдай жасау, оның ішінде ақпараттық орталықтардың жұмысына қолдау көрсету немесе ұйымдастыру;
— Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдай жасау.
Айта кетейік, арнайы құрылған комиссия тобының бағалауы нәтижесінде 14 жоба іріктеліп, әрқайсысына 1 млн теңге берілетін болады. Жоба туралы қосымша ақпаратты @auyljastary_atyrau парақшасынан білуге болады.