Атырауда қызметтік иттің көмегімен 72 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны екі сағатта табылды. Кіші инспектор-кинолог Айбар Батыров Рокки есімді қызметтік итімен азаматшаны Теміржол вокзалы маңынан іздеп тапты. Белгілі болғандай, 30 маусым күні түскі сағат 12:30 шамасында жоғалған әйелдің ұлы 102 арнасына хабар берген. Айтуынша, жоғалған анасы сөйлей алмайды және психикалық ауытқуы бар көрінеді. Ол сағат 9:00 шамасында Химпоселек ықшам ауданында туыстарының үйінен шығып кетіп, сол күйі хабарсыз кеткен. Туыстары оны өз бетімен іздеп көргенімен, іздеу нәтиже бермеген.
Жедел қоңырау қабылдаған тәртіп сақшылары бірден жылдам әрекетке көшіп, егде жастағы әжейді іздеуді дереу ұйымдастырған. Полицейлер оның болуы мүмкін барлық жерлерді тексеруге кіріседі. Кіші инспектор- кинолог Айбар қызметтік итімен бірге әйелді іздеуге жұмылған. Рокки азаматшаның киімінен шыққан иіс арқылы ізіне түседі. Нәтижесінде, Теміржол вокзалы маңынан тапқан. Табылған әжейдің туыстары полицейлерге жедел іздестіргені үшін ерекше алғысын білдірді.