Атырауда 56 жастағы ер адамның өліміне себепші болған күдікті бұрын да қылмыс жасаған. Соған байланысты сот үкімімен күдіктінің бас бостандығы 3 жыл 6 айға шектелген. Бұл туралы Атырау облыстық сотының төрағасы Мұхтар Парменовтің Kazinform тілшісінің сауалына орай жолдаған жауабында жазылған.
«Атырау қаласының №2 сотының 2020 жылғы 18 маусымдағы үкімімен М.А. ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру) сотталып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы берілді. Бұл жаза сотталушыға кінәні мойындау туралы процестік келісім шегінде тағайындалды. Жаза тағайындау барысында сотталғанның жазасы мен қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін мән-жай ретінде шын жүректен өкінгені мен асырауында жас балаларының болғаны танылды. Ал, жазаны ауырлататын мән-жай анықталмады», — деп хабарлады Мұхтар Парменов.
Оның айтуынша, Атырау қалалық пробация қызметі рақымшылық жасау туралы заңына байланысты негізгі жазаны өтеу мерзімін қысқарту туралы ұсыныспен сотқа жүгінген.
«Атырау қаласының №2 сотының 2022 жылғы 20 қаңтардағы қаулысымен Атырау қалалық пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылды. Сот үкімімен сотталған М.А.-ның өтелмеген жазасы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 3-бабы 3-бөлігінің 1-тармағына сәйкес 7 ай 18 күнге қысқартылды. Кейін сотталушы бас бостандығын шектеу жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатпен сотқа жүгінді. Атырау қаласының №2 сотының 2022 жылғы 26 шілдедегі қаулысымен сотталушының өтінішхаты қанағаттандырылып, бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген мерзімі 7 ай 27 күнді одан әрі өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылды», — деп мәлім етті Мұхтар Пәрменов.