Әділет министрі Азамат Есқараев норма шығару қызметінде қазақ тілін одан әрі дамыту мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қазақ тілінде дайындап, кейін орыс тіліне аудару мәселесі көтерілгенін айтты.
«Министр тіл мәселесіне байланысты екі бағытқа тоқталып өтті. Бірінші бағыт – терминология мәселесін шешу. Заңнамалық актілердің мәтініне қойылатын талаптардың бірі – бұл терминдердің бірізділігі. Республикалық терминологиялық комиссия бекіткен терминдер ұсынымдық сипатқа ие. Сондықтан, іс жүзінде, комиссия мақұлдағаннан кейін де, заңгерлер мен филологтар арасында бір терминді әртүрлі етіп аудару төңірегінде пікірталастар жиі болады», — дейді ол.
Ал екінші бағыт — тиісті ұйымдастырушылық шараларды қабылдау. Бүгінгі таңда заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу бойынша мамандардан заңгерлерден және ғалымдардан құралған пул тізімі қалыптастырылғаны және болашақта сол мамандарды заң жобаларын әзірлеу процесіне тарту қажеттігі айтылған.
Әділет министрі қазақ тілінде заң жазуға, нормативтік құжаттарды түзеуге «икемсіз» деген түсініктен арылып, мемлекеттік тілдің мол мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажеттігін айтқан.