Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Өзгерістер, атап айтқанда, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 50-1-бабына және «Білім туралы» ҚР Заңының 26-бабына қатысты болып отыр.
Қабылданған НҚА сәйкес мерзімді әскери қызметін өтегеннен кейін әскери қызметшілердің жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында оқуы үшін білім беру гранттарына квоталар енгізілді.
Тегін оқытуға арналған мемлекеттік гранттар мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерге беріледі.
Квота алуға үміткерлердің жетістіктері туралы барлық деректер Қорғаныс министрлігінің сайтында орналастырылған «Срочники 2.0» цифрлық платформасында тіркеледі. Жоғары оқу орындарына жеңілдікті шарттармен оқу үшін орындарды бөлуді жылына екі рет Қорғаныс министрлігі ұйымдастыратын комиссия жүргізеді.
Запасқа шығарылған күннен бастап бір жыл ішінде өмір мектебінен өткен азаматтар жоғары әскери, арнаулы оқу орындарына, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына ҰБТ және емтихан нәтижелерін есепке алмай тегін негізде түсуге құқылы. Азаматтық жоғары оқу орындарына қабылдау медициналық, фармацевтикалық және педагогикалық білім беру бағдарламаларын қоспағанда, елдің заңнамасында белгіленген квоталар шегінде жүзеге асырылады.
ЖОО-ға ҰБТ және емтихан нәтижелерін есепке алмай, өтеулі негізде түсуге шешім қабылдаған азаматтар бұл құқықты запасқа шығарылған күннен бастап екі жыл ішінде қандай да бір квотасыз және конкурстық іріктеусіз пайдалана алады.
Сондай-ақ жоғары оқу орнында оқудың алғашқы жылында олар жатақханамен қамтамасыз етілетінен де атап өту керек.