Халықаралық Отбасы күні қарсаңында Алматы қаласы мен Алматы облысынан су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысына гуманитарлық көмек жіберілді.
Гуманитарлық көмек ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның бастамасымен жиналды.
Нақты айтқанда, қаражат пен қажетті жабдықтардың жиналуына Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, Алматы облысы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері мен қалалық және облыстық Жастар саясаты басқармаларының қызметкерлері атсалысты.
«Су тасқыны салдарынан зардап шеккен Атырау облысындағы жағдайды бәріміз бақылап отырмыз. Осы қиын сәтте күш-жігерімізді біріктіріп, мұқтаж адамдарға көмектесу маңызды. Халықаралық Отбасы күні қарсаңында біз өзара көмек пен қолдаудың маңыздылығын ерекше түсінеміз. Отбасы – бұл біздің қоғамның негізі. Қиын уақытта біз бір-біріміздің тірегіміз болуымыз керек. Жіберілетін гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлік, қажетті жабдықтар, төсек-орын, медициналық препараттар, киім-кешек және т.б. жүк бар, – деді Алматы қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Гүлнара Әмірова.