Атырау облысында шаруа қожалығының 250 тонна пішені өртенді. Жалын 5 сағаттан кейін сөндірілді.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, өрт 28 сәуірде түнгі сағат 23:30-да оқшауланған.
«Құрманғазы ауданының Мақаш ауылдық округінде шаруа қожалығының 250 тонна пішені өртенді. Пішен 200 шаршы метр аумақта жиналып тұрғаны анықталды. Жалын кеше, 28 сәуірде түнгі сағат 23:30-да оқшауланып, бүгін таңғы сағат 04:30-да толықтай сөндірілді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Жалынды сөндіруге Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінің 9 қызметкері мен 1 техникасы, жергілікті атқарушы органнан 5 ерікті, 3 техника, ауылдың 10 тұрғыны қатысқан.
Пішен өртінің тұтану себебі әзірге белгісіз.