6 сәуірден бастап Теңіз кен орнының вахталық кенттеріне 3000 – нан астам бала эвакуацияланды, олардың көпшілігі-оқушылар. Қашықтықтан оқуды жалғастыру үшін, вахталық кенттерге тиесілі мердігер компаниялар эвакуацияланғандарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етті.
Бұл қадам балалардың эвакуация жағдайында да оқуды жалғастыруына мүмкіндік береді.
Құлсары тұрғыны Назым Қалдыбекова 6 сәуірде балаларымен бірге Теңізге көшірілді.
Бастапқыда ол «балаларым мектеп бағдарламасынан артта қала ма» деп алаңдаған. Қазір ол оқу процесі үшін алаңдамайды.
— Таңертең, таңғы астан кейін балалар бірден үстелге отырып, оқуға кіріседі. Жақсы интернеттің арқасында платформада ешқандай проблема жоқ, — дейді Назым Қалдыбекова.
«Aspar Kashagan» ЖШС жатақханаларында 200-ден астам бала тұрады. Олардың көпшілігі мектеп оқушылары және қазіргі жағдайға байланысты олар қашықтан оқып жатыр.
— Мектеп жасына дейінгі балалар үшін еріктілердің көмегімен компания аумағында ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырамыз.
Бұл балаларға қауіпсіздік пен жайлылықты сақтай отырып, уақытын көңілді өткізуге мүмкіндік береді, — деді «Aspar Kashagan» ЖШС операциялық менеджері Салтанат Сүлейменова.