Су тасқыны кезінде ауыз су беруге кедергі жоқ. Қаланың су тазарту құрылғылары тасқын жағдайында үзіліссіз жұмыс істеуге дайын. Бұл туралы су құбыры жүйелерінің тазарту стансыларын пайдалану және жөндеу, химиялық-бактериологиялық бақылауды ұйымдастыру қызметінің басшысы Аманғали Молдағалиев мәлімдеді.
Маман ел арасында төтенше жағдай орын алса, халық ауыз сусыз қалуы мүмкін деген пікірге қатысты пікір білдірді.
— Бізге қарасты Атырау қаласы мен Мақат ауданының тұтынушыларының ауыз сусыз қалуына алаңдауға негіз жоқ. Қаланың су тазарту құрылғылары штаттық режимде жұмыс жасауда және таза судың сапасы Атырау қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасын бақылау басқармасымен бірге күнделікті бақылауда, — деді Аманғали Молдағалиев.
Қазіргі уақытта су тазарту құрылғыларының аумағында жаға бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Маманың айтуынша, ауыз су дайындау үшін қажетті реагенттердің қоры алынған. Сонымен қатар, электрмен жабдықтаудың апатты өшуі кезінде құрылғыларды электр энергиясыз қалдырмау үшін дизельді электр стансысы дайын.
Сондай ақ, маман тасқын кезіндегі судың сапасына байланысты пікір білдірді.
«Тазартылған су қалаға берілгенге дейін 13 көрсеткіш бойынша сынамаларды талдаумен тұрақты зертханалық бақылаудан өтеді. Ал, тасқын су кезінде ауыз суға зиянды заттар тарау мүмкіндігі жоқ. Су тазарту барысында реагенттердің мөлшері нормативтерге сай қосылуда. Сонымен қатар суды тазартатын реагенттердің қоры алынды, — деді ол.