Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңеспен бірлесіп, елді мекендері су тасқынынан зардап шеккен Қызылқоға ауданына гуманитарлық көмек жіберді.
Бүгін Атыраудан Қызылқоға ауданына 2 тонна гуманитарлық көмек тиеген автокөлік жолға шықты. Атап айтқанда, Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшелері 1,2 млн теңге көлемінде қаржы жинады. Бұл қаражатқа азық-түлік және қажетті тұрмыстық заттар сатып алынды. Сонымен қатар, Өңірлік кеңес мүшелері бір тонна көлемінде жанар-жағар май және 3 бірлік арнайы техниканы (3 кубтық тиегіш — 1 бірлік, «Беларусь» тракторы — 2 бірлік) көмекке беріп отыр. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері зардап шеккендердің қажеттіліктері үшін бір күндік жалақы есебінен жалпы сомасы 400 мың теңгеге аударды.
-Атырау облысының Өңірлік кеңесінің мүшелері мен Кәсіпкерлер палатасы су тасқынынан зардап шеккен Қызылқоға ауданына көмек көрсету туралы бастама көтерді. Палатаның аудандық филиалы бар, оның қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлерді біріктіре отырып, алғашқы күннен бастап жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілетін жерге барып, ыстық тамақ ұйымдастырды. Біз қазіргі уақытта оларға қандай көмек қажет екенін сұрадық, бүгін Қызылқоға ауданына азық-түлік және тұрмыстық заттармен автокөлік жолға шықты. Мүмкіндігінше көмек көрсетуді жалғастырамыз және оған облыстың басқа кәсіпкерлерін шақырамыз, — деді Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Сүйінбаев.