Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыДенсаулық

Атырау облыстық балалар ауруханасында халықаралық деңгейде шеберлік сағаты өтті

Атырау облыстық балалар ауруханасының 50-жылдық мерейтойы шеңберінде 28-29 наурыз аралығында травматология және ортопедия бойынша «Балаларда туа пайда болған аяқ тірек-қимыл мүшелерінің патологиялары» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.

Шеберлік сағатына Түркия елінен арнайы шақыртылған педиатриялық ортопедиялық хирург, Анкара Билкент балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі, University of Health Sciences Ортопедиялық хирургия профессоры Шенол Бекмез, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев пен еліміздің Қарағанды, Өскемен, Астана, Ақтөбе, Семей, Ақтаудан келген травматолог-ортопед дәрігерлер қатысты.

Іс-шарада Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев аурухана қызметкерлерін 50 жылдықпен құттықтады. Ал түркиялық дәрігер Шенол Бекмез жұмыс сапары туралы айтып өтті.

-Бүгін Атырау облысына іс-сапармен келдім. Екі күн травматолог дәрігерлерге дәрістер оқып, жеті ота жасау жоспарланып отыр. Одан кейін мен елге кеткен соң да жергілікті травматолог-дәрігерлермен бірге күрделі диагноз қойылған балалардың емдері туралы талқылап тұрамыз. Дәрігерлер бізге рентген, басқа зертханалық құжаттарын жіберсе, диагнозын нақтылап қойып, қандай ем беретініміз жөнінде кеңесіп отырамыз. Осы орайда ата-аналарға айтарым, алдымен дәрігер Болат Есназаровқа қаралып, күрделі диагноз қойылып, қажеттілік туындаған жағдайда менен кеңес алуға болады,- деді Шенол Бекмез.

Облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, дәрігер-травматолог Ержан Есболаевтың айтуынша, шеберлік сағатының маңыздылығы — 50 жылдағы Атырау өңіріндегі травматология, ортопедия және нейрохирургия саласы бойынша медициналық қызметтің деңгейін көрсету. Сондай-ақ халықаралық деңгейде мамандардың, менторлардың қатысуымен жүріп-тұруы қиын балаларға операциялық, медициналық көмек көрсету.

Салтанатты шара соңында облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов іс-шараларда демеушілік білдіріп жүрген бірқатар компания өкілдеріне алғыс хат пен 50 жылдыққа орай төсбелгілерді табыс етті.

Back to top button