Биыл бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың, суицид пен буллингтің алдын алу, педагог-психологтарды әдістемелік қолдау, психологиялық қызметті, тәрбие жұмысын дамыту мақсатында «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық» орталығы құрылды. Бұл туралы Атырау облысы Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова баспасөз брифингінде мәлім етті.
Атырау облысы бойынша 47 қосымша білім беру ұйымы, 202 мектеп жанындағы үйірме, 9 балалар мен жасөспірімдер клубы бар.
Бұдан бөлек О.Биманова білім беру мекемелері үшін баланың бос уақытын тиімді пайдалануын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті.
-Тәрбие тек сабақ берумен ғана шектелмейді, ол сабақтан тыс уақытта да жалғаса береді және тереңдетіле түседі. Оқушының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оған дұрыс бағыт беру — барша қоғамның ортақ ісі. Жас жеткіншектің жан-жақты болып өсуі тек қана оның мектепте өткізген уақытымен шектелмейді. Сондықтан оқушыларды тәрбиелеуде мектептен тыс жұмыстарға көңіл бөлу керек. Дұрыс тәрбие – балаға өмір бойы азық, — деді ол.
Бүгінде өңірде 27 бағытта балалар мен жасөспірімдерге арналған 292 шығармашылық үйірме бар. Оларға 16 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысады. Оның ішінде қаржыландыру бағдарламасымен 12 279 бала спорттың 15 түрі бойынша тегін спорттық секциялармен, 3 800 оқушы 304 шығармашылық үйірмемен қамтылған.
-Биылдан бастап тәрбие қызметін үйлестірудің бірыңғай жүйесі қалыптасты. Барлық білім беру мекемелерінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізіліп, «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары», «Даналық мектептері», «Ата», «Әже», «Аға», «Жеңге» мектептері ашылып, оларға 11 017 ата-ана тартылды, — деді О.Биманова.