Атырауда апатты үйлерде тұратын 24 отбасыға жаңа баспана берілді
Наурыз мерекесіне орай Атырау қаласындағы апатты тұрғын үйлерде тұратын 24 отбасы қуанышқа кенелді. Олар жаңа баспанаға ие болды.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржан Саясаттың айтуынша, мұнайлы шаһарда апатты үйлер аз емес. Соның қатарында Бейбітшілік даңғылы мен А.Байжігітова көшесіндегі тұрғын үйлер бар.
«Бұл үйлер 1960 жылдары салынған. Қос қабатты үйлер әбден тозғандықтан, апатты жағдайда деп танылды. Соған қарамастан аталған үйлерде осы кезге дейін 24 отбасы тұрып келді. Наурыз мерекесіне орай оларға жаңа пәтер берілді. Осы мақсатта Атырау қалалық әкімдігінің бюджетінен бөлінген қаржыға «Samal Town» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлер сатып алынды», — деді Нұржан Саясат.
Оның айтуынша, енді алдағы айларда тағы 19 отбасыға жаңа баспана беру жоспарланып отыр. Бұл отбасылар апатты жағдайдағы екі үйде тұрады.