Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен салынып жатқан кешеннің мердігер мекемесі «Powercon» ЖШС.
«Теңізшевройл» компаниясының демеушілігімен салынып жатқан кешенде тренажер және күрес, бокс залдары, ойын элементтері бар жалпы дене шынықтыруға, командалық, ашық және спорттық ойындарға арналған әмбебап зал бар. Әмбебап залда 150 адамға арналған көрермендер трибунасы қарастырылған. Барлық залдар киім ауыстыратын, душ және жуынатын бөлмелермен жабдықталған. Сондай-ақ, күту аймағы бар медициналық кабинет, әкімшілік бөлмелері, интерактивті құралдармен жабдықталған 40 орындық мәжіліс залы, 32 орындық буфет, күзет бөлмесі, гардеробы бар вестибюль орналасқан.
-Командалық ойын залы волейбол, баскетбол, гандбол (шағын футбол), бадминтон, тенниске арналған. Күрес, бокс, тренажер залдары қажетті спорттық құралдармен жабдықталған. Спорт залы мүгедектерге де арналған, екінші қабатқа баспалдақ көтергіш қарастырылған. Күрес залы татами және күрес кілемдерімен жабдықталған, қабырғалары жарақаттануды болдырмау үшін жұмсақ қаптамамен қапталған. Күрес және бокс залдарында штангаға арналған платформалар бар,- деді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта ғимараттың бетон іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысын келесі жылдың қаңтар айында аяқталып, пайдалануға берілу жоспарланып отыр.