Атыраулық 11 жасар спортшы Жансейіт Жанбосын 50 метрге butterfly стилінде жүзуден жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атанды. Ол бұл қашықтықты 31,72 секундта еңсеріп, алты жыл бұрынғы ел рекордын жаңартты.
Атырау облысының жүзуден құрама командасының бас бапкері Иван Галкиннің айтуынша, Көкшетауда «Бурабай інжу-маржаны» республикалық турниріне 300-ге жуық спортшы қатысқан.
«Турнир қорытындысында спортшылардың дайындық деңгейінің жоғары екені байқалды. Бұл сайысқа Атырау облысынан 20 спортшы қатысты. Оның ішінде Жансейіт Жанбосын butterfly стилі бойынша 50 метрге жүзуден рекордты жаңартты. Бұл рекорд соңғы 6 жыл бойы жаңармаған еді. Ол бұған қоса 50, 100, 200 метр қашықтықты кроль әдісімен жүзіп, турнирдің «Үздік спортшысы» атанды», — дейді Иван Галкин.
Оның дерегіне сүйенсек, Жансейіт Жанбосын Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицейінің 5-сыныбында оқиды. Жас спортшы алты жыл бері жүзумен айналысып келеді.
Ал, тағы бір атыраулық Аяна Сәли 100 метрге butterfly стилімен 1 минут 29,94 секундта жүзіп, жарыстың жүлдегері атанған.