Атырау қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12 білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде былтыр 9, биыл 3 мектептің құрылысы басталған.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің мәліметінше, білім ордалары мұнайлы шаһардағы Береке, Сарыөзек, Жұлдыз-2, Жұлдыз-3, Ақсай және Водников елді мекендерінде салынып жатыр.
«Мемлекет басшысы әр оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасауды тапсырды. Осы мақсатта қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ошақтары ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Жаңа нысандар пайдалануға берілгенде, өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептер жойылады. Сондықтан, құрылыс сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуы тиіс», — деді Серік Шәпкенов.
Әкімнің айтуына қарағанда, жаңа мектептердің құрылысы биыл аяқталады. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілгенде, 12 мектепте екі кезеңде 24 мың оқушы білім алады.