Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы Қазақстан Республикасының Жоғарғы аудиторлық палатасының жыл сайынғы сауалнама жүргізу барысында анықталады. Алдыңғы жылы бұл көрсетікіш — 63,1%-ды құраса, өткен жылы — 56,6%-ды құрады. Бұл туралы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды мониторингілеу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Хусанов баспасөз брифингінде мәлім етті.
2021 жылы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасы бекітілді. Жоба бойынша халықтың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту көзделген.
Ұлттық жоба төрт бағыттан тұрады. Оның бірі — саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту. Оның ішінде, 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы семіздікпен сырқаттанушылықты төмендету. Бұл туралы бөлім басшысы баяндап өтті.
-Өңірде ұлттық жобаны іске асыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Жоба аясында денсаулық сақтау департаменті халыққа спорт және дұрыс тамақтану мәселелері бойынша білім береді. Балалардағы артық салмақ осы төрт бағыттың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Мұның басты көрсеткіші — ана мен баланың денсаулығын сақтау. Сондықтан біз жүкті әйелдерге мониторинг пен тұрақты бақылауды күшейтеміз. Сондай-ақ 1 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық бақылау мен скринингпен уақтылы қамтимыз, — деді Н.Хусанов.
Семіздік — ағзада артық майдың жиналуы. Семіздіктің төрт сатысы бар. Бірінші сатыда адамның салмағы әдеттегі қалпынан 29% жоғары болса, екіншісінде — 50%, үшіншісінде — 100%, төртіншісінде — 100%-дан асып кетеді. Қатты семіру тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйелерінде де өзгерістер туғызып, өкпе мен жүрек қызметін әлсіретеді.
Сонымен қатар брифинг барысында эндокринолог маман да артық салмақ қант диабетінің, гипертония ауруларының, стенокардия мен миокард инфарктының, өтке тас байлану ауруларының пайда болуына әсер ететінін мәлім етті.
-Атырау облысында өткен жылы семіздік диагнозымен 10-15 жастағы 140 бала тіркелген. Бұл 2022 жылға қарағанда 31 балаға көп. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы 20 жылда артық салмақтан зардап шегетін балалар екі есе өскен. Көбінесе 11 жастағы балалар артық салмақтан зардап шегеді екен. Артық салмақ — II типті қант диабеті, гипертония және жүрек-қан тамырлары ауруларының негізгі қауіпті факторларының бірі. Ол тіпті мүгедектікке дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ аталған ұлттық жобаның нақты мақсаттары бар. Оның бірі — туғаннан бастап 14 жасқа дейінгі балалар арасында семіздік ауруын азайтуға бағытталған, — деді Б.Айтмағанбетова.
Семіздіктен құтылудың басты жолы — жиі қозғалыста болу, дұрыс тамақтану, ұйқы режимінің дұрыс болуы, сондай-ақ гормондарға арнайы анализ тапсыру.