Жылыой ауданы Жем ауылдық округіне қарасты Тұрғызба ауылында 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Жұмабек Қаражанов ауыл тұрғындарын құттықтады.
-Өздеріңіз көптен күткен мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, бүгін міне ел игілігі үшін пайдалануға беріліп отыр. Баршаңызды бүгінгі мәдениет үйінің ашылу салтанатымен құттықтаймын! Мәдениет — біздің ең басты салалардың бірі десек те болады. Біздің болашағамыз – жастарымыз тек қана тәрбие мен сапалы білім алып қана қоймай, мәдениетті болып, өзіміздің ұлттық руханиятымызды дәріптеп өсуін қалыптастыруымыз керек. Жаңа мәдениет үйі еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бас қосатын орынға айналатыны сөзсіз. Болашақ өнер саңлақтарының алғашқы сахнасы болсын. Қолданысқа беріліп жатқан осы ауылдың мәдениет үйінен елдің мәдениетіне үлес қосар жастар шығады деген үміттеміз,-деді аудан әкімі.
Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары 2022 жылдың мамыр айында басталған болатын. Мердігер мекеме — «Integrated Construction Group» ЖШС. Мәдениет үйінің бірінші қабатында 200 орындық концерттік зал, киім бөлмесі, 16 орындық асхана және касса, жуынатын бөлме бар. Ал екінші қабатта қызметтік кабинеттер, үйірме және оқытушы бөлмелері, 12 орындық оқу залы бар кітапхана, 4 орындық медиатека, кітап сақтау бөлмелері қарастырылған.