Құрманғазы ауданына қарасты Ресей шекарасымен шектестен Қиғаш ауылында демеушілік есебінен футбол және спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Аталған алаң «Renco-KAT» компаниясының тікелей демеушілігімен салынып отыр. 1200 шаршы метрді құрайтын алаңның 20х40 метрі футбол, 20х20 метрі воркаут алаңына арналып, жасанды көгалмен көмкерілген. Спорт нысанының жан-жағы қоршалып, абаттандырылған. Сонымен қатар, заманауи воркаут ашық спорт алаңы толықтай құрылғылармен қамтылған.
Алаңның тапсырылуы салтанатына «Renco-KAT» ЖШС облыстық филиалының директоры Рубен Акопян мен «Магистральдық Су ағызғысы» ЖШС бас директоры Берік Салпек және аудан әкімі Абат Жанғалиев қатысты.
-Ауданымызда бұқаралық спортқа баса көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі — демеушілікпен Қиғаш ауылында жаңа футбол және спорт алаңы салынып отыр. Бұл ауыл балалары және жастарға өте қажетті нысан. Жаңа футбол алаңы ауыл жастарының спортқа деген ықыласын арттырары сөзсіз,- деген А.Жанғалиев демеушілік жасаған компания өкілдеріне ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.
Айта кетейік, нысанның құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Редан» ЖШС төрт ай көлемінде аяқтап, тапсырып отыр. Қиғаш ауылында 1169 тұрғын бар.