Биыл Атырауда 121 шақырым жол жөнделеді
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Атырау облысы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұханбеталиев мәлім етті.
Облыс көлеміндегі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6452 шақырымды құрайды. Оның ішінде, Республикалық маңызы бар жолдар — 1125,6 шақырым, облыстық жолдар — 838 шақырым, қала жолдары — 1634,9 шақырым, сондай-ақ аудандық — 1089 шақырым және аудан ішілік жолдар – 1764,5 шақырымды құрайды.
Сонымен қатар басқарма басшысы көлік инфрақұрылымы бойынша жалпы ақпарат беріп өтті.
— Өткен жылдан бастап облыс көлеміндегі көлік инфрақұрылымының жұмыстары 42 елді мекенде 966 шақырым автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстарын атқаруда. Былтыр республикалық бюджет есебінен бөлінген қаражатқа 12 жоба және жергілікті бюджет есебінен бөлінген қаржыға 70 жоба жүзеге асырылуда. Осы басталып кеткен нысандарды аяқтап, қолданысқа тапсырған жағдайда облыс көлеміндегі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың көлемдік үлесі — 80%-ға дейін ұлғаяды. Қазіргі таңда облыс көлеміндегі жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 76.4 %-ды құрайды, — деді Ә.Мұханбеталиев.
Бұған қоса басқарма басшысы облыс, қала және аудан көлеміндегі автокөлік жолдарының 618 шақырымына жобалау-сметалық құжаттары жасақталып жатқандығын мәлімдеді. Бұның өзі облыс көлеміндегі автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін – 88%-ға дейін ұлғайтады.