Салтанатты шарада Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев баяндама жасаса, Энергетика кәсіпорындары біріктірілген ардагерлер кеңесінің төрағасы Мухамбет Қалиев, Дамбы ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Тлекқабыл Мұратоллаұлы, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов қарттарға қоғамдағы еңбектері үшін алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді.
-Зейнетке шықса да, қоғамдық жұмысқа белсенді араласып, көптеген мәселелердің шешілуіне атсалысып жүрсіздер. Сіздердің салып өткен жолдарыңызбен жүріп, елге елеулі еңбек етсек — біз үшін мәртебе.
Өткен жылы Атырау қаласында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын аштық. Ардагерлеріміз уақыттарын пайдалы өткізсін деп шахмат, дойбы, йога, ән айту, би билеу, құмыра жасау сынды 14 бағыт бойынша мүмкіндіктер жасап қойдық. Алдағы уақытта осындай үш бағытта орталықтар құру жоспарымызда бар. Мұны сіздерге деген құрметіміз деп білерсіздер. Өмірге деген құлшыныстарыңыз арта берсін, осындай мәдени, бұқаралық шараларда төбе көрсетіп, кемел ақылдарыңыз бен парасатты ойларыңызбен бөлісіп жүре беріңіздер,- деді Н.Ермұханов.
Іс-шарада ардагерлерді қолдау бағытында белсенділік көрсеткені үшін «Мейірімді жүрек» медалімен «Ембімұайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов пен «Дастан» шаруа қожалығының басшысы Қоныс Ерманов марапатталды. Сондай-ақ мерейлі жас иесі, ардагер ұстаз Сара Мусағалиеваға, білім беру ісінің ардагерлері Қабдырахман Хисимов пен Қымбат Қалмұхановаға Атырау қаласының әкімінің алғыс хаты табысталып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар әртүрлі сала бойынша өңірдің 33 ардагері марапатталды. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, қала бойынша 99 бастауыш ардагерлер ұйымында 35927 зейнеткер бар. Оның 974-і тыл ардагерлері.