Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық құрамдастарын жою мақсатында жолдама берудің, кезектілік пен есепке алудың бірыңғай базасы әзірленді.
Енді мектепке дейінгі ұйымдардан орын алу айтарлықтай жеңілдетіледі. Жаңа үлгі әр отбасының қажеттіліктеріне қарай 4 балабақшаға дейін таңдауыңа мүмкіндік береді. Орындарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында SMS-хабарламалар жолдау қарастырылған.
«Жеңілдігі бар екенін растау үшін қағаз түріндегі анықтамалар жинаудың қажеті жоқ. Бұл мәліметтер мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде алынатын болады. Балабақшаны таңдағаннан кейін кезек нөмірі беріледі және ол туралы ата-анаға хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ отбасында екі баладан көп бала болған жағдайда, оларды бір балабақшаға беру мүмкіндігі қарастырылған», — деді облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Балабақша және бос орын туралы ақпарат алу кезектіліктің бірыңғай базасы аясында электронды үкіметтің порталындағы картада орналастырылады. Ата-ана картадан өз үйіне, жұмысына жақын орналасқан балабақшаны таңдай алады.
Атап өтейік, тұрғындарға ыңғайлы болу үшін өтініш берудің бірнеше тәсілі қарастырылған: электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары, жергілікті атқарушы органдардың платформалары.