Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыДенсаулық

Атырауда туберкулезге шалдығу дерегі төмендеді

Былтыр жыл қорытындысы бойынша туберкулезбен жаңадан ауырған 318 науқас тіркелсе, алдыңғы жылы 397 науқас тіркелген. Туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда адам саны 57,8-ден 45,6-ға дейін, яғни 21,1%-ға төмендеп отыр. Бұл туралы Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының басшысы Жаңабай Сағиев баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Туберкулез — ертеден келе жатқан жұқпалы аурулардың бірі. Ол негізінен өкпе ауруы болғанымен, адамның барлық ағзаларын – сүйекті, бүйректі, миды және басқа ағзаларды зақымдайды.

Облыста Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық басталды. Орталық басшысы аталған айлық осы жылдың 24 наурызына дейін жалғасатынын атап өтті.

-Айлықты өткізудегі негізгі мақсат – індеттің алғашқы белгілері туралы тұрғындарды ақпараттандыру. Сондай-ақ өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау және жыл сайынғы профилактикалық тексеруден өту қажеттілігі туралы түсіндіру. Айлық аясында облыстың әр ауданында фтизиатрлардың кеңестері, тұрғындарды флюорографиялық тексеруден өткізу жоспарланған. Сонымен қатар облысымызда қазіргі таңда туберкулез дертін тез анықтау үшін емханаларда заманауи қондырғы G-Xpert MTB RIF экспресс тестісін қолдану жүзеге асырылған. Оның көмегімен диагнозды екі сағат ішінде анықтауға болады, — деді Ж.Сағиев.

Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысымен Атырау облысында туберкулездің таралу көрсеткіші 90,7-ден 66,2-ге дейін 27%-ға төмендеген.

-Өткен және алдыңғы жылды салыстырғанда туберкулездің таралу көрсеткіштері барлық аудандар мен қалалық емханалар аумағында төмендегені байқалады. Атап айтқанда, Жылыой ауданы бойынша – туберкулездің таралу көрсеткіші 25,4%-ға, Исатай ауданында – 14,5%-ға, Құрманғазы ауданында –31,5%-ға, Мақатта – 14,3%-ға, Атырау қаласы бойынша – 22,9%-ға төмендеген, — деді орталық басшысы.

Өз кезегінде Адвокация, коммуникация және әлеуметтік мобилизация бөлімінің жауапты маманы Алмас Құмаров Атырау облысы бойынша фтизиопульмонологиялық көмекті дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру жоспары туралы баяндап өтті.

-Аталған жоспар Денсаулық сақтау басқармасымен бекітілді. Бүгінде жоспарды іске асыру жөніндегі іс-шаралар бойынша жұмыстар атқарылуда. Нақтырақ айтсақ, жоспарға сай тыныс алу ағзаларының аурулары кезінде көмек көрсету үшін емдеу-диагностикалық жарақтандыруды жетілдіру жұмыстары жүргізіліп, туберкулезге қарсы іс-шаралардың мониторингін жүргізу мен пульмонологиялық қызметтің және фтизиатрияның кадр әлеуетін күшейту жұмыстары қолға алынуда,- деді ол.

Back to top button