Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыДенсаулық

Атырау облыстық перзентханасында шала туған нәрестелер үшін арнайы орталық ашылды

Атырау облыстық перинаталдық орталығында «Шала туған нәрестелер ретинопатиясы орталығының» ашылуы болып өтті.

Орталықтың ашылуына облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев, басқарма өкілдері және Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары бойынша Денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, перинаталдық орталықтардың дәрігерлері қатысты.

Ретинопатия ауруы көзге лазерлік фотокоагуляциялық ота жасау немесе луцентис енгізу арқылы емделеді. Мерізімінен бұрын туған нәрестелердің көз жанарында осы аурудың бар-жоғын тек арнайы диагностикалық тексеру арқылы анықтауға болады. 2023 жылы елімізде 1600-ге жуық шақалақ осындай диагнозбен дүниеге келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 34% көп. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 20 мыңға жуық шақалақ шала туады. Олардың 38-40 пайызында ретинопатия ауруы бар.

-Ретинопатия ауруы — көздің торлы қабықтарындағы тамырлардың екі жақты бұзылуы. Ол бүгінде ең қиын дерттің біріне айналып, белең алып барады. Яғни, ауыр жағдайда мерізімінен бұрын жүктіліктің 34 аптасына дейінгі туған нәрестелерге дер кезінде ота жасалмаса, болашақта қос жанарынан мүлдем айырылып, зағип болып қалуы мүмкін. Қазақстанда шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтау үшін перинаталдық орталықтарда офтальмологиялық скрининг жүргізіледі. Біз скринингтік жабдықтармен қоса ең алдымен арнаулы мамандар жұмыс істейтін орталықтарды қаматамасыз ету керектігін түсіндік. Атырау облыстық перинаталдық орталығы «Аяла» қайырымдылық қорының демеушілігімен 2015 жылы диагностикалық офталмоскоппен жабдықталды. Бірақ 2016 жылға дейін арнайы маманның жоқтығына байланысты ретинопатия диагнозы анықталған нәрестелер дер кезінде Алматы мен Астана қалаларына жіберіліп келді. 2016 жылы бұл бағыттағы оқытылған маман штатқа алынып, содан бері қарай 59 ота сәтті жасалған. Ал биыл жыл басынан бері бес ота жасалса, оның ішінде екі нәресте Маңғыстау облысынан әкелінген,- деді Атырау облыстық перинаталдық орталығының басшысы Қазбек Ермағамбетов.

Оның айтуынша, мұндай орталық бұған дейін Алматы мен Астана қалаларында ғана болса, жақында Ақтөбе қаласында ашылды.

Айта кетейік, өткен жылы «Аяла» қайырымдылық қоры облыстық перзентхананы 5 құты луцентис препаратымен қамтамасыз еткен болса, осы жылға кең бұрышты, таңбалы ретинальды камерасымен жабдықтауды жоспарлап отыр.

Back to top button