Осыған дейін аталған мектеп №18 Х.Доспанова атынағы мектептің базасында оқып келді. Қазіргі таңда сол білім беру ұйымының шәкірттері заманауи, жайлы, сонымен қатар жоғары техникалық құралдармен жабдықталған кабинеттері бар жаңа мектепте білім алуда. Бұл туралы Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова баспасөз брифингінде мәлім етті.
Атырау қаласы бойынша 65 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істеп тұр. Оның ішінде, 9 мектеп-гимназия, 5 мектеп-лицей, 1 негізгі және кешкі мектеп бар. Мектептердің 50-і қалада, 15-і ауылдық окуругте орналасқан. Аталған мектептердің екеуі орыс тілінде, 31 мектеп қазақ тілінде, 29 мектеп қазақ және орыс тілдерінде оқытады. Ал биылғы оқу жылында бірінші сыныптарға 8476 оқушы келген. Қазіргі уақытта қала мектептерінде барлығы 74 774 оқушы бар. Оның ішінде, 1-4 сыныптарда 32 461, 5-9 сыныптарда 36 768, 10-11 сыныптарда 5 545 оқушы білім алуда.
Сонымен қатар А.Дүйсекенова биыл Атырауда білім сапасы аз да болса артып келе жатқанын айтып өтті.
— Оқу жылының 1-ші тоқсаны бойынша білім сапасы — 48,2%-ды құраса 2-ші тоқсанда 1,8%-ға артып, 50%-ды құрап отыр. Оған қоса біздің ұстаздарымыздың да, оқушыларымыздың да жетістіктері өте көп. Ғылыми жобалар, олимпиадалар және ұстаздар арасындағы сайыстарда әр мектеп өзінің көрсеткіші мен нәтижесін көрсетіп отыр. Мәселен, Ауыл олипиадасына 15 мектеп бойынша 141 оқушы қатысып, республикаға жолдама алды, — деді бөлім басшысы.
Алайда ол, жетістіктермен қоса бірқатар мәселелер де жоқ емес екенін алға тартты.
— Орта білім беру жүйесі мектепке дейінгі және қосымша білім беру жүйелеріне қарағанда анағұрлым мәселесі көп ұйымдар болып есептеледі. Әрине, жұмыс барысында атқарылып жатырған үлкен іс-шаралармен қатар қиындықтар мен кемшіліктер жоқ емес. Десек те, қалалық білім беру ұйымдарында болған әр түрлі жағдайларды жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен бірлескен жұмыс барысында шешіп отырмыз, — деді А.Дүйсекенова.
Айта кетейік, биыл жыл басынан бастап мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 290 орындық 9 бөбекжай бақшасы ашылып, қолданысқа берілді.