«Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының «№6 балалар мен жасөспірімдер мектебі» КММ-нің ашық кубогі өз мәресіне жетті.
Абай орталығында өткен 2010-2013 жылғы туған жасөспірімдер арасындағы кубогтің салтанатты шарасына атақты боксшылар, олимпиада чемпиондары Данияр Елеусінов пен Серік Сәпиев арнайы қатысты.
-Әрбір кубоктың артында үлкен стресс, еңбек жатыр. Сондықтан жеңістеріңе қуанып, әрмен қарай өздеріңді дамытып, спортпен шұғылдануды жалғастыра беріңдер. Ешқашан тоқтап қалмаңдар. Олимпиада шыңын бағындыратын майталмандар сендердің араларыңда деп сенемін, — деді Д.Елеусінов.
Аталған жарыс Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының қолдауымен өткізілді. Додаға Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды облыстардан 300-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.
-Бұл доданы ұйымдастырудағы мақсатымыз — балалардың шеберліктерін арттыру, салауатты өмір салтына дәріптеу. Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев пен Данияр Елеусінов келіп, балаларға марапаттарын табыстап, лебіздерін білдірді. Атыраудың бокс тарихында олимпиада чемпионы жоқ. Сондықтан балалар атақты спортшыларды көріп, құлшыныстары артса екен деген ниетпен қонақ қылып шақырдық. Кіші жасөспірімдер арасында осыдан 4-5 жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда деңгей өскен. Біз де 7-8 жылда Атыраудан олимпиада чемпионын шығарамыз деген ойдамын. Президентіміз Қ.Тоқаев спортқа көп қолдау көрсетуде, нәтижесінде жеңімпаз спортшылар көптеп шығады деген сенімдемін. Жастарды жаман әдеттерден аулақ болып, белсенді өмір салтын ұстанып, еліміздің көк туын желбірете берсін деп тілеймін,- деді №6 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушы Айдос Даулетов.
Жарыс нәтижесінде жалпы командалық есепте Атырау облысы 1 орынды, Ақтөбе облысы 2 орынды, Маңғыстау облысы 3 орынды иеленді.
Сондай-ақ бокс шеберлері Д.Елеусінов пен С.Сәпиев «Олимпиадалық резервтегі облыстық мамандырылған мектеп-интернат-колледжі» КММ және №5 балалар-жасөспірімдер мектебебінің жас спортшылармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сағатын өткізді.