Атырау облыстық сотының әкімшілік ғимараты осы жылдың І жартыжылдығында пайдалануға беріледі
Бұл туралы облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен мәлім етті.
Төрт қатарлы нысанның жалпы ауданы – 7476,89 шаршы метр. Бас мердігер мекеме — «БатысАльянсСтрой» ЖШС. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, терезелері толығымен орнатылған. Бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жасалып, жеделсаты, желдету жүйесін орнату мен сантехникалық жұмыстар жүргізілуде.
-Ғимараттың бірінші қабатында вестибюль, жеті жиналыс залы, қызметкерлерге арналған кабинеттер бар. Кеңсе бөлмелері жеке блокқа бөлінген. Екінші қабатта кеңес және конференцияларға арналған сегіз зал, әдебиет кітапханасы, қызметкерлерге арналған кабинеттер орналасқан. Ал үшінші және төртінші қабаттарда қабылдау бөлмелері бар жұмыс бөлмелері қарастырылған,- деді Т.Бисен.
Оның айтуынша, жертөледе қосалқы және қызмет көрсету мақсатындағы қойма мен жөндеу үй-жайлары орналастырылған. Сонымен қатар қызметкерлерге арналған 32 орындық буфет бар.
Айта кетейік, Нұрсая ықшам ауданында орналасқан аталған әкімшілік ғимарат осы жылдың І жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.