Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыБілім

“Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйі” КММ тәрбиеленушілері басқармалар қамқорлығында болады

Биылдан бастап “Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тәрбиеленушілері өңірдегі басқармалар қамқорлығында болады. Бұл жұмыс облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің бастамасымен қолға алынған. Басты мақсат- мекемедегі балаларды қоғамға бейімдеп, жан-жақты дамыту.

Облыстық білім беру басқармасының қызметкерлері, мекемеде тұрып жатқан 49 баланы жас ерекшеліктеріне қарай әр басқармаға 3-4-тен бөлді. Соған сай жауаптылар тәрбиеленушілерді қала ішінде еркін жүріп-тұруға, әртүрлі әдеби-мәдени іс-шаралар қатысушысы болуға көмек көрсетеді. Болашақ мамандығын таңдап, жұмысқа орналасу бойынша да бағыт-бағдар береді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары “Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйі” коммуналдық мемлекеттік мекемесіне барып, қамқорлығында болатын балалармен танысты. Директормен бірлесе өткізілетін іс-шаралар жоспарын талқылады.

-Біздің басқарма қамқорлығына 3 тәрбиеленуші берілген. Оның екеуі ұл, біреуі қыз бала. Өзіміз арнайы барып таныстық. Еркін форматта отырып әңгімелестік. Алдағы уақытта балалардың қызығушылығын анықтап, түрлі іс-шараларға қатыстырамыз деген жоспар бар. Бұл жақсы бастама. Ата-ана қамқорлығынсыз өсіп жатқан балаларға беретін бағыт-бағдарымыз, олардың өмірге бейімделуіне көмек болады деген үміттеміз,-дейді Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы халықты жұмыспен қамту және көші-қон бөлімінің бас маманы Берік Кенжеғали.

Қаперге берсек, “Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйі” КММ тәрбиеленетіндер саны жыл сайын азайып келеді. Мәселен былтыр онда 62 бала болса, қазір 49 бала тұрып жатыр. Мекеме директоры тәрбиеленушілердің отбасында өсуі үшін жүйелі жұмыс атқарып жатқанын айтады.

Back to top button