Чемпионаттың мақсаты — оқушылардың интеллектуалдық-шығармашылық және инженерлік-техникалық қабілетін ашу, робототехника, сенсорика саласында техникалық құрастыруға және бағдарламалауға ынтасын арттыру. Бағдарламаға қатысатын мектеп оқушылары жаратылыстану, технология, инженерия және математика бойынша білімдері мен дағдыларын дамытып, инженерлік принциптерді (STEM дағдыларын) қолданады.
Іс-шарада облыстық Білім беру басқармасы Жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Айнагүл Жұмағазиева оқушыларға сәттілік тіледі.
-Бұл жоба облыстық Білім беру басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Бүгінгі чемпионатқа балалар 6-10 және 10-16 жас аралығындағы санаттар бойынша алынды. Сайысқа 50-ден аса команда, 200-ден аса оқушы қатысып отыр. Осылардың арасынан жеңіп шыққан екі команда ақпан айының соңында Астана қаласына Атыраудың намысын қорғауға барады. Егер одан ұтып шықса, шет елге шығуға мүмкіндік бар. Бүгінгі жарыста барлығыңыз да оқ бойы оза шауып, бірінші орын алуға әбден лайықтысыздар! Сондықтан барша сайысқа қатысушы командаларға сәттілік тілеймін,- деді А.Жұмағазиева.
IRST жарысы FIRST бағдарламасы аясында барлығы үш санаттан тұрды:
FIRST LEGO League (4-16 жас аралығы)
FIRST Tech Challenge (12-18 жас аралығы)
FIRST Robotics Competition (14-18 жас аралығы).
LEGO League да өз кезегінде (одан әрі — FLL) үш кезеңнен тұрды:
FLL Discover (4-6 жас аралығы)
FLL Explore (6-10 жас аралығы)
FLL Challenge (10-16 жас аралығы).
Жарыс нәтижесінде Орталық Азияның FIRST Чемпионатына 7 команда жолдама алды. Олар «Пионерс», «Инфинити», «Техэклипс», «Квинта», «Дискавери», «Скайтим» және «Саншайн» командалары.