Атырау облысында былтырғы 2 наурыздан бері 3 109 адамның қызылшамен ауырғаны анықталып отыр.
Атырау облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, бұл — биылғы 2 ақпанға дейін тіркелген дерек.
«Атырау облысында 2023 жылдың 2 наурыз – 2 ақпан аралығында алғашқы диагнозы бойынша қызылшаға күдікті 8 816 жағдай тіркелді. Зертханалық жолмен 3 109 жағдайда қызылша ауруы дәлелденді. Қазір 1 639 талдаудың зертханалық қорытындысы әлі анықталмады. Атырау облысына Түркиядан — 3, Тәжікстаннан — 2, Біріккен Араб Әмірлігінен 1 адам қызылшаны жұқтырып келген. Ал, Алматы қаласынан — 1, Астана қаласынан — 1, Түркістан облысынан — 1,Ақтөбе облысынан келген 6 адамнан қызылшаны ауруы анықталды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қызылшаны жұқтыру дерегі Атырау қаласы мен 7 ауданда да тіркеліп отыр. Мәселен, Атырау қаласында 2 637 адам қызылшамен ауырған. Ал, Жылыой ауданында 123, Мақатта — 79, Исатайда — 65, Құрманғазыда — 62, Махамбетте — 57, Қызылқоғада — 48, Индер ауданында 38 адамнан қызылша анықталған.
Департаменттің мәліметіне сүйенсек, Атырау облысында 2019 жылы қызылша ауруының 774 дерегі тіркелген. Ал, 2021-2022 жылдары бұл ауру тіркелген жоқ. Былтырғы 2 наурызда Түркиядан келген азаматтың баласы қызылшаны жұқтырып келген.