Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыТехнология

Атыраулық ғалымның шұбат пен қызылшадан жасаған сусыны шығарыла бастады

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы София Сағындықованың түйе сүтінен жасалатын «Софмайя» атты жаңа сусыны шығарыла бастады. Жаңа өнім Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым қоры» арқылы ғылыми зерттеу нәтижесін коммерцияландыру жобасы аясында гранттық қаржыландыруға ие болған.

Профессор София Сағындықова – отандық ғылымды дамытуға айрықша еңбек сіңіріп жүрген, көптеген ғылыми патент алған ғалым. Ол — елімізге белгілі биолог ғалымдардың бірі, академик Майя Шығаееваның шәкірті.

«Бұл ғылыми жаңалық 20 жылға жуық зертханалық ізденістерде пысықталды. Халықаралық және қазақстандық конкурстарда талай рет жеңіске жеткен гранттық зерттеу жобасы екенін атап өткен жөн. Мінеки, алғаш рет Маңғыстау облысында орналасқан «AGARGAN» ЖШС мен «Ғылым қорының» бірлесе қаржыландыруының нәтижесінде өндріске шығару жоспарланып отыр. Өткен жылдың соңына қарай министрліктің Ғылым қоры, университет және жеке серіктестік арасында келісімшарт жасалды. Жалпы жоба құны 403 миллион теңгеден астам қаржыны құрайды», — дейді министр Саясат Нұрбек.

Түйе сүтіне қызылша шырынын қосып дайындаған «Софмайя» сусыны бизнес-серіктестіктің дистрибьюторлық желісі арқылы тұтынушыларға қолжетімді болады. Себебі, аталған өнім адам ағзасына өте пайдалы, дәрумендері мол, сусамыр (қант диабеті) дертімен ауыратын науқастарға таптырмас өнім. Ана мен баланың өміріне қажетті тағамдық қоректерді беретін органикалық сусын ретінде ұсынылады. Еліміздің батыс аймағындағы түйе шаруашылығымен айналысатын қожалықтардың сүт өнімдерін жаңа технологиямен өңдеп, сақталу мерзімін ұзарту көзделген. Бұл ішкі-сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті шырын болмақ.

«Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ғылым мен мәдениет барлық дүниенің алтын алқасы болып отыр» дегені бар. Атыраулық ғалымның ұзақ жылдар бойы зерттеп келе жатқан іргелі жұмысына Ғылым және жоғары білім министрілігі атынан толағай табыстар тілеймін. Игілікті жұмыстар халқымыздың пайдасына жарап, отандық ғылымның дамуына зор үлес қоса берсін», — дейді министр.

Back to top button