Атырау қаласында 2 жастан 6 жасқа дейінгі көру және есту қабілеті бұзылған балаларды мектепке даярлайтын өңірдегі алғашқы орталықтың ашылу салтанаты өтті.
Орталық оқушылардың коммуникациялық дағдылары мен академиялық білімдерін қалыптастыруға бағытталған. Мұнда әр бала тактильді және дыбыстық дағдыларды дамытуды біріктіретін жеке бағдарлама мен ерекше техникамен айналысады. Бұл – әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, есту қабілетін дамыту, мимика мен пантомимика, Брайль, тактиль және ыммен сөйлеуді үйрену сабақтары. Қазіргі уақытта үш кабинеттен тұратын орталықтағы секцияға қатысушы 10 баламен бес маман жұмыс істейді.
— Көп жылдар бойы тифлопедагог ретінде ерекше балалармен жұмыс істегенімде, мен тек теориялық білімге ғана емес, жеке тәжірибеме де сүйенетін өз әдістемемді жасай алдым. Ерекше балаларға ерекше көзқарас қажет, сондықтан біз олармен прогреске жету үшін ынталандырушы орта құруға тырысамыз. Қазіргі уақытта шахмат және фортепиано секциялары жұмыс істейді. Біздің студенттер топқа кірмес бұрын жеке сабақтардан өтеді, бұл оларға стрестен аулақ болуға және оқу барысына бейімделуге көмектеседі. Болашақта әрбір ерекше балаға жарқын болашаққа мүмкіндік беру үшін жасөспірімдерге арналған толыққанды балабақша мен кәсіби бейімдеу орталығын аша аламыз деп үміттенеміз, — деді жоба авторы және орталық директоры Сайрагүл Зайдолла.
С.Зайдолла өз жобасын 2022 жылы жеке кабинет ашудан бастаған. Ал келесі жылы «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен «Әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қоры» ҚҚ іске асыратын «Жарқыра» бағдарламасының әлеуметтік жобалар байқауына көру және есту қабілеті бұзылған балаларға арналған орталықты ашудың бизнес-жоспарын ұсынған. Осылайша С.Зайдолла 4 млн 200 мың теңге сомасында грант ұтып алады. Ол алынған қаражатты орталық пен көрсетілетін қызметтерді кеңейтуге, балалармен жұмыс істеу үшін арнайы жабдықтар, әдістемелік және дидактикалық материалдар, сондай-ақ жиһаз сатып алуға жұмсаған. Бұл оған одан да көп балаларға көмектесуге мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетейік, «Жарқыра» бағдарламасы аясында 2016 жылдан бастап 63 әлеуметтік-кәсіпкерлік жоба іске қосылған. Олардың 25%-дан астамы ерекше қажеттіліктері бар балаларға білім беру мен оңалту қызметтерін көрсететін орталықтар.