Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыМәдениет

Махамбет Батырбаев «Атырау облысының құрметті азаматы» атанды

Облыс әкімі Серік Шәпкенов мұнай саласының ардагері, техника ғылымдарының кандидаты, көптеген өнертабыстың авторы, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері Махамбет Батырбаевты қабылдады.

Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін Махамбет Батырбаевқа облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 24 мамырдағы №15-VIII шешімімен «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

— Бұл марапат сіздің елге сіңірген маңдай теріңіздің жемісі. Өзіңізге қарап, артыңыздан ерген жас ұрпақ бой түзейді. Көп жасқа үлгі болып келесіз. Сіздің кеңесіңізді қызмет барысында пайдаланып, ақылыңызға жүгінер сәттеріміз де аз емес. Еліміздің дамуына қосқан өлшеусіз қызметіңіздің әрқашан зейнетін көруіңізді жазсын! Еткен адал еңбегіңіз ақталып, оң бағасын алып отыр. Ұрпағыңыз өзіңізбен мақтанады. Қашанда деніңіз сау, отбасыңыз жаныңызда болсын. Отаныңыздың тілеуін тілейтін бәйтерек болып, аман-есен жүре беріңіз,-деді С.Шәпкенов.

Өз кезегінде Махамбет Батырбаев еліміздің мұнай саласын дамытуда жергілікті кадр дайындаудың маңызына тоқталды.

— Бүгін берілген марапат үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздердің еңбегіңіздің жемісін көріп, атқарған әр ісіңіздің абыройлы болуын тілеймін. Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңы соған ереді. Қай-қай саланы болмасын дамытуға болады. Болашақ — сіздердікі. Жалпы мұнай БҚО үшін нағыз — локоматив. Бұл жерде еңбегі ерен мұнайшылардың ұрпағы тұрады. Осы тұста жергілікті кадр дайындау мәселесі өзекті. Шетелден миллиондаған қаржыға маман шақырмай-ақ, өзімізден мықты мұнайшы шығаруға болады. Тек оларға сену керек, кәсіби түрде оқыту қажет. Өзіміздегі бар потенциалды қолдансақ, болашаққа нық сеніммен қарай аламыз. Өйткені Атыраудың дамуы үшін көп мүмкіндік бар,-деді М.Батырбаев.

Махамбет Батырбаев 1943 жылы Атырау қаласында дүниеге келген.

1963 жылы Гурьев политехникалық техникумын «Кәсіптік геофизика» мамандығын, 1972 жылы Бүкілодақтық сырттан оқыту политехника институтының тау-кен инженер геолог мамандығын тәмәмдаған.

Алғашқы еңбек жолын 1962 жылы Маңғышлақ кәсіптік-геофизикалық экспедициясынан бастап, технигі, аға жұмысшысы, инженері болды.

1968 жылы — Гурьев геологиялық-барлау экспедициясының геофизигі;

1969 жылы — «ҚазҒЗЖИмұнайдың» инженері, аға инженері, сектор меңгерушісі, зертхана меңгерушісі;

1978 жылы — «Маңғышлақмұнай» ӨБ «Өзенмұнай» МГӨБ бас геологы болып, басшысы қызметіне дейін көтерілді;

1991 жылы — «Маңғышлақмұнай» ӨБ өндірістік бөлімінің бастығы, өндіріс жөніндегі бас инженерінің орынбасары;

1992 — 1999 жылдар аралығында көптеген мұнай компанияларында басшылық лауазымды атқарды.

2002 жылы — «ҚазМұнайГаз ҰК АҚ вице-президенті.
2006 жылдан бастап зейнет жасына дейін компанияның вице президенті — өкілдігінің директоры қызметін атқарды.

Back to top button