«Қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты жалпы білім беретін №33 Қасым Қайсенов атындағы орта мектепте аймақтағы алғаш «Жас құтқарушы» сыныбы ашылды.
Ашылу салтанаты жас құтқарушылар атағын арқалағалы отырған 8 «А» сынып оқушыларының ант қабылдауымен басталды. Кейін Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ғабит Бабаев оқушыларға «Жас құтқарушы» куәлігін салтанатты түрде табыстады.
— Аймақтағы алғаш сынып көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті Қасым Қайсенов атындағы мектепте ашылғаны көңіл қуантып отыр. «Жас құтқарушы» сыныбының мақсаты — құтқару ісінің негіздерін меңгеру, төтенше жағдайларды жою бойынша, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету бойынша біліктер мен дағдыларды қалыптастыру, балалар мен жастар арасында салауатты және қауіпсіз өмір салтын насихаттау. ТЖ департаменті қалалық білім бөлімімен мемарандумға қол қойған болатын. Бүгінгі күні соның жемісін көріп отырмыз,- деді Ғ.Бабаев.
Кейін сыныптың лентасы қиылып, төтеншеліктердің қатысуымен «Алғашқы көмек көрсету» бойынша сабақ өткізілді. Аталған сыныптың оқушысы атанып отырған Ернар Смадияр өскенде «құтқарушы» мамандығын меңгеретінін жеткізді.
— Мен бүгін ТЖ қызметкерлерінің формасын киіп, «Жас құтқарушы» куәлігін алдым. Осы мамандықты таңдауға ынтам ауып отыр. Сабағым үздік, бокс секциясына қатысамын. Адамзатты тілсіз жаудан құтқаратын, адал маман болсам деген арман пайда болды,- деді «Жас құтқарушы» Е.Смадияр.
Айта кетейік, төтеншеліктер алдағы уақытта «Жас құтқарушыларға» түрлі экскурсиялар ұйымдастырып, сабақтар өткізуді жоспарлап отыр.