Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Атырау облысына жұмыс сапарымен келген «Primary Health Care» Ұлттық қауымдастығының Президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Рахыпбековпен кездесті.
Кездесуде Т.Рахыпбеков іс-сапарының негізгі мақсатына тоқталып, Атырау облысында «Үздік тәжірбие орталықтарын» ашу үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек (емханалар) ұйымдарының жұмысымен танысқанын айтты.
— Үздік тәжірбие орталықтарын құрудың негізгі мақсаты — медициналық көмектің қолжетімділігін, халықтың қажеттіліктерін өтеу мен сауаттылық деңгейін жақсарту. Сондай-ақ олардың денсаулығын қорғау саласындағы жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеу, шағымдар санын азайтып, оның түрлерін талдау, ұйымдастыру және әдістемелік жұмыс жүргізу. Атап айтсақ, мекемелерде «ақылды телефон» құрылғысын орнату, жарақаттар мен қан кетулер кезінде шұғыл көмек кабинетін ашу, жүрек тоқтап қалған кезде арнайы «жедел шақыру» түймесін қою қажет. Сонымен қатар «Жаңа 10 салауатты тамақтану мектебі», «Халықты сүт безі обырын ерте анықтауға үйрету», «Ер адамның денсаулығы», «Инсульт белгілерін ерте анықтау» сынды жобаларды жүзеге асыру қажет, — деді Т.Рахыпбеков.
Өз кезегінде Жасұлан Бисембиев айтылған ұсыныстарға қолдау білдірді.
— Бүгінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің стратегиялық бағыты аясында медициналық қызметтің сапасын арттыру бойынша өңірлерде «Үздік тәжірбие орталықтары» іске қосылуда. Бүгінгі айтылған ұсыныс-пікірлер бірқатар мәселелердің шешімін тауып, медицина қызметінің сапасын арттыруға үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын. Осы жобаларды өңірде жүзеге асыруды жіті бақылауға аламыз, — деді Ж.Бисембиев.
Айта кетейік, Атырау облысында «Үздік тәжірбие орталықтарын» үш медициналық ұйымда — №7 қалалық емханасы, Геолог емханасы және Жылыой аудандық ауруханасы базасында ашу осы жылға жоспарланып отыр.