Атырау энергокешенінің 60 жылдық мерейтойына орай екі тілде шығарылған басылымда Атырау энергожүйесінің 90-шы жылдары КСРО тараған кезден бүгінге дейін жүріп өткен жолы баяндалған. Еліміздің энергетика саласындағы реформалар, жүйенің қайта құрылуы, инвестициялық жобалар мен жетістіктері айтылған.
Туындының авторы Елена Есенова. Кітапқа 60 жыл ішінде орын алған елеулі оқиғалар, даңғыл жолдың бастаулары мен жобалардың куәсі болған ардагерлердің естеліктері арқау болған. Өз саласының тәжірибелі мамандары, басшылар мен мекеме озаттарының ой-пікірлері де қамтылған.
-Биыл даңқты кәсіпорнымыздың құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде энергетика жүйесі шын мәнінде дамудың алып қадамын жасады. Айталық, қалалық жылу электр орталығы салынды, Атырауда және облыста мыңдаған шақырымға созылған электр желісі жүргізіліп, жүздеген қосалқы станция орнатылды, облыс орталығында магистральдық, таратушы және кварталдық жылу желілері жүргізіліп, ондаған жылу бекеті іске қосылды. Осы жылдар бойы Каспий өңірінің энергетиктері күн сайын, бір секундқа да үзілместен өңіріміздің барлық тұрғынын, кәсіпорындар мен мекемелерді жылу және электр энергиясымен сапалы қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі біздің өмір сүріп жатқан кезеңіміз сындарлы уақыт боп тұр, себебі әр дәуір өз алдына жаңа міндеттер, жаңа талаптар қояды. Энергетикалық нарық сауатты және оңтайлы шешімдерді қажет ететін жүйелі өзгерістерге ұшырауда. Энергетикалық нысандары жоғары техникалық жарақтандырылған, ең бастысы, білікті кадрлары бар біздің Атырау энергокешеніміз әрқашан тек өңірдегі емес, бүкіл республика деңгейінде сенімділік пен тұрақтылықтың жарқын бейнесі болып қала беретініне сенімдімін,- деді Атырау Энергокешенінің басқарма төрағасы Алтынбек Қаршегенов.
Сондай-ақ кітапта 1963 жылы «Гурьевэнерго» кәсіпорны құрылған күннен бастап бүгінге дейінгі деректері, айтулы оқиғалар қамтылған. Бұл жыл Каспий өңірі энергетиктерінің тарихында айтулы жыл болды. Өйткені, осы мезгілде Гурьевтің энергетикалық жүйесі Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесіне толыққанды мүше ретінде еніп, сол сәттен бастап оның қалыптасу қадамы басталған. Жинаққа сонымен қатар, еңбек өтілінің жиынтығы жүздеген жылдармен есептелетін еңбек династияларының тәжірибелері мен Қазақстанның көрнекті электроэнергетиктері, жаңа жетістіктерге жігерлендірушілер, энергетика магистрлері саналатын есімдер енгізілген.
Айта кетейік, аталған кітап 350 дана болып жарыққа шықты.