Апталық барысында өңірдің барша тұрғындары мен қонақтары тегін тексерістен өте алады. Ем-шара арнайы жолдамасыз және әлеуметтік сақтандыру мәртебесінсіз жүргізіледі. Іс-шараның мақсаты — аталған дерттің алдын алу, оны алғашқы кезеңдерінде анықтау және бұқараны оның емделу жолдарымен таныстыру. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев пен облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова баспасөз брифингінде мәлім етті.
Атырау облысы бойынша қатерлі ісікке қарсы ем және диагностика облыстық онкология диспансерінде жүргізіледі. Бүгінде Атырау облысы бойынша 5062 науқас есепте тұр.
— Онкология мәселесі – денсаулық сақтау жүйесіндегі ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда дертке шалдыққандар саны 9%-ға өсті. Бұл жерде халық аурушаңдықтың артуының себебі — онкологиялық аурулардың көбеюінен деп ойлауы мүмкін. Алайда, негізінен бұл — скринингтің жасалу сапасының артуына байланысты көп анықталып отыр. Скринингтің пайдасы, ол – ауруды ерте анықтауға себеп болып, сәйкесінше онымен күресу де жеңілдейді. Сонымен қатар, 2021 жылдың соңында онкологиялық аурушаңдық бойынша ситуациялық орталықты еңгізіп, Денсаулық сақтау министрлігімен жүргізіліп отырған саясаттың және ерте сатыдағы анықтаудың нәтижесінде болып отырған жағдай, — деді Қ.Абдалиев.
Елімізде жыл сайын 1800-дей әйелге «жатыр мойны обыры» диагнозы қойылады. Ал, оның үштен бірі осы дерттен көз жұмады. Атырау облыстық онкология диспансерінің директоры Эльмира Сапарова жатыр мойны обырын алдын алуға болудың бірден-бір жолы адам папилломавирусына (HPV) қарсы вакциналау екенін атап өтті.
— Көп жағдайда жатыр мойны обырының дамуына адам папилломавирусы (HPV) себеп болады. Қазақстанда онкопатология құрылымында әйелдер арасында жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жатыр мойны обырының ең жоғары деңгейі 40-44 жаста анықталады. Сондықтан өңіріміздің әйелдерін апталыққа белсенді түрде қатысуға шақырамын,- деді ол.
Айта кетейік, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жатыр мойны обырын жою жөніндегі жаһандық стратегиясы денсаулық сақтау мәселесі ретінде жол картасын қамтиды. Осыған байланысты қыздардың 90%-ы 15 жасқа дейін HPV вакцинасымен егілуі керек. Сонымен қатар мамандар әйелдердің 70%-ы 35 жасында және 45 жасында жоғары тиімді тест арқылы скринингтен өтуі және қатерлі ісікке дейінгі әйелдердің 90%-ы және инвазивті қатерлі ісікке шалдыққан әйелдердің 90%-ы емделуі керек екенін жеткізді.
Жиын соңында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қ.Абдалиев өңірімізде жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы вакциналау қыркүйек айынан басталатынын атап өтті.