Осы жылы өңірде «Аңсаған сәби» бағдарламасымен балалы болғысы келетін жандар үшін 232 квота бөлініп отыр.
Елімізде «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы 2021 жылдан бастап іске асырылуда. Аталған бағдарламаның басты мақсаты — қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу.
«Экомед-Атырау» ЖШС клиникасының гинеколог-дәрігері, репродуктолог Құндыз Дәулетьярованың айтуынша, бұл жоба бақытты отбасылар санының артып, бірқатар жандарға ана бақытын сезінуге мүмкіндік беруде.
— Жасанды ұрықтандыруды немесе медицина тілінде «экстракорпоральды ұрықтандыруды» біз бедеулікке қарсы іске асырамыз. Қазақстанда бұл процедураның пайда болуымен бақытты отбасылар қатары көбейді. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған саби» бағдарламасына 7 мың квота бөлінген. Бұл бағдарлама 18 жастан 42 жасқа дейінгі әйел адамдарға жасалады. Сондай-ақ, әр адам өз келісімдері бойынша арнайы консультациядан, медициналық тексерістен өтуге міндетті, — деді Қ.Дәулетьярова.
Оның айтуынша, Атырау облысы бойынша 2021 жылы — 233, 2022 жылы — 213 квота бөлінген. Ал былтыр атыраулық аналар үшін берілген 233 квотаның 20-ы сұраныстың көптігіне байланысты Алматы облысына беріліп, қалған 213-і толық игерілген. Оның ішінде, 59 әйел жүкті болып, 9-ы түсік тастауына байланысты бүгінде 47 ана сәби күтуде, ал 3 сәби өмірге келді. Қалған үміткер аналар тиісті іс-шараларды қабылдау үстінде.