Мемлекет пайдасына ақша қаражатын өндіру туралы атқарушылық құжаттарды мәжбүрлі түрде орындау барысында мемлекеттік және жеке сот орындаушыларымен мемлекет пайдасына 8 млрд тенгені құрайтын ақша өндіріліп, 33 341 құжат нақты орындалды. Бұл туралы Атырау облысы Әділет департаментінің басшысы Асулан Каримов баспасөз брифингінде мәлім етті.
Мемлекет пайдасына ақша қаражаттарын өндіру туралы құжаттар алдыңғы жылмен салыстырғанда 26 мың құжатқа артық түскенімен орындалуы 9%-ға артып отыр.
— Әділет департаментінің ең ауқымды қызметтерінің бірі — атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бағыты. Жалпы облысымызда 87 жеке сот орындаушы — Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасында тіркеліп, оның 58-і қалада, 29-ы аудандарда қызмет атқарып келеді. Былтыр есептік мерзім ішінде атқарушылық іс жүргізу бойынша жалпы сомасы 225 млрд теңгені құрайтын 253 066 құжат орындалуға түскен. Оның 155 884 құжаты 88 млрд тенгеге, яғни 61,6 %-ға аяқталды. Сонымен қатар 95 068 құжат 21 млрд тенгеге, нақтырақ 61 %-ға орындалып отыр, — деді А.Каримов.
Сондай-ақ департамент басшысы борышкерлер атқарушылық құжаттарды орындамағаны үшін немесе орындаудан жалтарса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтып өтті.
— Былтыр есептік мерзім ішінде әкімшілік жауапкершілікке мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының ұсыныстарымен 369 борышкер тартылып, оның 272 борышкеріне айыппұл салынды. Ал қалған 97-сі әкімшілік қамауға алынды, — деді ол.