Өңірде «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылық курсына тіркелу жалғасуда. Тіркеу 29 қаңтар күні аяқталады. Ал, оқу 5 ақпан күні басталады деп жоспарланып отыр. Жобаны Қазақстан Республикасының Үкіметі «AMANAT» партиясымен бірлесіп іске асыруда.
Бес күнге созылатын тегін қаржылық сауаттылықты меңгеру курсында қатысушылар отбасылық бюджетті жүргізу, шығындарды басқару, несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу бойынша ұсыныстар алуды, депозит және тиімді шарттармен несие таңдауды, ірі сатып алуларды жоспарлауды меңгеріп шығады.
Сондай-ақ оқыту шеңберінде қаржы сарапшылары жеке консультациялар өткізіп, қатысушылардың қалауы бойынша өз бизнесін ашу үшін мемлекеттік гранттық және кредиттік бағдарламаларға бизнес-жоспар жазуға көмектеседі. Егер сіздің шоттарыңызға тыйым салынып, қарызыңыз коллекторлық компанияға сатылған болса, жоба аясында білікті заңгер көмегін алуға болады.
Тіркелу немесе қосымша сұрақтар үшін тұрғылықты жеріңіздегі ауылдық әкімдікке және «AMANAT» партиясының кеңселеріне хабарласуға болады. Оқу офлайн форматта жүргізіледі.
Айта кетейік, өткен жылы елімізде алғаш өткізілген қаржылық курсына сегіз өңірден 65 000 адам қатысқан.