Елордада күн сайын 75-80 бала қызылша инфекциясын жұқтырып ауруханаға түсуде. Оның дені — балалар. Бұл туралы қалалық №3 көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Роза Өтегенова мәлім етті.
«Біздің ауруханаға қызылша инфекциясымен күніне 75-80-ге жуық бала түсіп жатыр. Оның 30-35%-ы стационарлық, қалғаны амбулаториялық ем алып жатыр. Қызылша жұқтырғандардың көбісі 7 жасқа дейінгі балалар. 10-15% ғана 7 жастан асқандар және 17% 1 жасқа толмаған сәбилер», — деді Роза Өтегенова Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, маман қызылшаны жұқтырудың бірнеше себебін атады.
«Мысалы, балабақшадан жұктырып келуі мүмкін, сосын оны үйдегі балаларға жұқтыру қаупі бар. Қызылша жұқпалы және оның таралуы жоғары (100%). Сондықтан уақытылы екпе алған абзал», — дейді ол.