Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыЭкономика

Биыл Атырауда 36 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады

Биыл облыста «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамту шараларымен 35,7 мыңнан астам адам қамтылмақ. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті.

Сондай-ақ басқарма басшысы олардың 9348-і тұрақты жұмыс орындарымен, ал 5799-ы бюджет есебінен қаржыландырылатын уақытша жұмыс орындарына жолданатынын жеткізді. Атап айтсақ, биыл әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға, жастар практикасына және «Алғашқы жұмыс орны» мен «Күміс жас», «Ұрпақтар келісім шарты» жобаларына орналастырылып, былтыр мүгедектігі бар адамдар үшін құрылған арнайы жұмыс орындарын қоса есептегенде 16 адамның жалақысын ішінара субсидиялау көзделген.

— 2024 жылға бірқатар жұмыстар жоспарланды. Соның бірі — қысқа мерзімді оқу курстарына 585 жіберіліп, онлайн skills арқылы 1880 адам қамтылып және 72 адам ваучерден өткізілмек. Ал «Бастау-бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне 2615 адам оқуға жолданып, өз істерін ашу бағытында халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы 291 адамға қайтарымсыз гранттар мен 2,5 пайыздық жеңілдік, 142 жасқа микрокредит берілетін болады. Оған қоса 15041 адам кәсіптік бағдарлаудан өтпек. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен пробация есебінде және жазасын өтеу орындарынан босап шыққан адамдар үшін квота белгіленіп, мекемелер тізбесі бекітілді, — деді А.Мәмбетов.

Сонымен қатар биыл аз қамтылған отбасындағы 9348 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке бюджеттен 770,8 млн теңге бөлініп, арнайы көмек алатын 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы 2314 балаға 108,9 млн теңгеге қосымша төлем беру жоспарланған.

— Мүгедектігі бар адамдарды қорғау бағытында әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өтініш бергендердің 76%-ы оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан басқа шетелдік жұмыс күшін тартуға 5115 квота бөлінді. Оның ішінде I санат бойынша 69, II санат үшін 865, III санатта 3481 және маусымдық қызметкерлер үшін 700 квота қаралған. Қазақстанға тұрақты тұруға ниетті отандастар үшін 237 адамға көмек көрсету жоспарланып отыр, — деді А.Мәмбетов.

Сондай-ақ 2024 жылдың I тоқсанында 18 жастан асқан психикалық ауытқуы бар адамдар үшін Жылыой ауданынан 156 орындық №2 Арнаулы қызмет көрсету орталығы ашылмақ.

Айта кетейік, «Amanat» партиясының Атырау облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына сәйкес «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 259 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысанын бейімдеу көзделген.

Back to top button