Құлсары қаласындағы №8 мектеп базасында 48 педагог үшін «Жаратылыстану-математикалық пәндер мұғалімдерінің біліктілігін арттыру» деп аталатын тренинг өтуде.
Мұғалімдерді жұмыс процесінен алшақтатпау үшін демалыс кезіндегі күндер таңдалып отыр. Жоспарланған үш күн ішінде 15 адамнан тұратын 4 шағын топтағы мұғалімдер GeoGebra сияқты заманауи бағдарламалар арқылы интерактивті оқыту әдістерін және Google Forms арқылы оқушылардан тиімді кері байланыс жинауды меңгеруде. Бұл оларға білікті тәлімгер болуға көмек болмақ.
Бағдарламаның негізгі аспектілерінің бірі — STEAM (Science, Technology, Engineering, Arts, Mathematics) әдіснамасын зерттеу. STEAM – жаратылыстану ғылымдары мен өнерді біріктіретін, пәндерді терең түсінуге және оларды практикалық қолдануға ықпал ететін тәсіл. Бағдарламаға қатысушылар оқушыларды ғылым мен өнерді біріктіретін қызықты жобаларға қалай тарту керектігін үйренеді.
Бағдарламаның оқытушылары «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ физика, математика, химия және биология салаларындағы тәжірибелі сарапшылар мен ғылым докторлары. Атап айтсақ Нұргүл Шуюшбаева, Ақбота Сапарбекова, Салтанат Увалиева және басқа да мамандар педагогтерге оқыту әдістемелері мен оқытудың инновациялық тәсілдерін жетілдіруге көмектесіп, өз білімдері және тәжірибелерімен бөлісуде.
Осы орайда физика курсының студенті Эльмира Садыкова онлайн бөлімнен алған әсерімен бөлісті.
-Мен осыған дейін онлайн курстан өткенмін, әрі қарай офлайн курсқа қатысқым келді. Курс лекторлары, профессорлар Нұргүл Шуюшбаева мен Ақбота Сапарбекова, Көкшетау университетінің оқытушыларына алғысымды білдіремін. Курстың дәрістері өте қызықты және теориялық тұрғыдан да, іс жүзінде де құнды ақпаратқа толы, біз көптеген ақпарат алудамыз,- деді ол.
Айта кетейік, бағдарламаның мақсаты – мұғалімдерді қолдау және жаратылыстану ғылымдары мен математика саласындағы білім сапасын арттыру. Бағдарлама «Zhylyoy STEAM Mekeni» жобасы шеңберінде және «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.