Ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысқан ауқымды шара 25 қазан – Республика күніне орайластырылып отыр.
Замануи үлгіде салынған «Салиха Ана» мешітінде құран оқу залы, намаз оқуға арналған залдар, имамдар бөлмесі бар. Сәулеті келіскен ғимарат ауданның «Құрметті азаматы» Талғат Жаудиннің отбасының демеушілігімен, отанасы Салиха апаның құрметіне салынып отыр.
Жаңа мешіттің ашылу салтанатына ауданның бас имамы Еламан Жасөмірұлы және Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы қатысып, жиылған жұрт алдында сөз алып, салынған мешіт ислам дінін насихаттау, дініміз бен ділімізді, салт-дәстүрлерімізді дәріптейтін ізгілік ордасы ретінде елге қызмет ететінін жеткізді.
Сонымен қатар, іс-шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев шетелмен шекаралас елді мекен Бөкейхан ауылында жаңадан бой көтерген мешіттің аудан халқы үшін маңыздылығына тоқталып, жас өркендерге берер тәрбиесі мен насихаты мол боларына сенімін білдірді.
Жеке кәсіпкер Ризабек Жаудин мешіттің құрылысына атсалысқан бір топ ауыл азаматтарына ризашылығын білдіріп, естелік сый табыстады.
Айта кетейік, Бөкейхан ауылында 1800-ден астам тұрғын бар.