Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыТуризм

Бурабай ұлттық паркінде екі жылда 1 млн түп қайың мен қарағай егілген

Қазан айының үшінші жексенбісінде елімізде орман шаруашылығы қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл туралы Казинформ жазды.

Президент іс басқарушысы Айбек Дәдебаев басқармаға қарасты «Бурабай» ұлттық паркінің ұжымын осынау кәсіби мерекемен құттықтады.

Халқымызда „Бір тал кессең, он тал ек“ деген даналық қағида бар. Жайқалған орман — еліміздің ен байлығы, болашақ ұрпаққа қалдырар аманатымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі орманды алқаптардың аумағын кеңейтуге тікелей мән беріп отыр. Осы орайда „Бурабай“ ұлттық саябағының еңбеккерлері өздеріне жүктелген маңызды міндетті абыроймен атқарып, жасыл желек жамылған жерлердің ұлғаюына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өткім келеді. 130 мың гектарға жуық алқап пен ондағы аң-құстарды табиғи апаттардан, тілсіз жаудан күзету оңай емес. Бұл кәсіби біліктілікпен қатар, мамандыққа деген адалдықты, шынайы жанашырлықты талап етеді», — деп атап өтті Айбек Дәдебаев Telegram парақшасында.

Оның айтуынша, «Бурабай» ұлттық паркінің орманшылары әр жыл сайын орта есеппен 65 гектар аумаққа ағаш отырғызады.

Кейінгі 2 жылда 1 млн түптен астам қайың мен қарағай көшеті егілген.

«Әріптестеріміздің қарқынды еңбегі мен төккен терінің арқасында орман аумағы кеңейіп, жан-жануарлар дүниесі байып келеді. Ұлттық парк қызметкерлері бірнеше жылдан бері Smart Burabay жаңашыл жүйесін пайдаланып, орман өртін дер кезінде ауыздықтауды меңгерді. Аң-құстардың санағын жүргізу және көбеюіне жағдай жасау, қоршаған ортаға қауіп төндірген қаскөйлерді құрықтау сынды қат-қабат жұмыстар жүйелі түрде жолға қойылды. Көкше өңірінің жауһары саналатын қорықты көздің қарашығындай қорғап жүрген еселі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге қажымас күш-қуат, шаңырақтарыңызға құт-береке мен бақ-дәулет тілеймін. Талай ән-жырға, аңызға арқау болған көрікті Көкшенің жайқалған орман-тоғайын, жан-жануарларын сақтау жолындағы ерен еңбектеріңіз жемісті болып, толағай табысқа жете беріңіздер», — деп түйіндеді Президент іс басқарушысы.

Back to top button