Jannah Theme License is not validated, Go to the theme options page to validate the license, You need a single license for each domain name.
БастыБілім

Құлсарылық оқушылар ағылшын тіліндегі Speaking Club-қа тегін қатыса алады

Ағылшын тілі халықаралық тіл болғандықтан, оны жетік меңгеру әркез өзекті болып саналады. Біреу шетелде білім алуды армандайды, біреу шетелге сапар жасағанда емін-еркін сөйлескісі келеді, ал біреуге ағылшын тілі мансаптық өсуге қажет болса, кейбіреулеі өзін-өзі дамытуды ұнатады. Сарапшылардың пікірінше, адам қандай мақсатқа ұмтылса да, тіл үйренуді ерте жастан бастаған дұрыс. Осы бағытта Құлсары қаласының оқушылары үшін тіл меңгерудің керемет мүмкіндігі туындады. Енді Жылыой ауданының балалары Speaking Club сөйлеу клубында ағылшын тілін тегін үйрене алады.

Жыл басынан бері «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры іске асырып жатқан «Теңіз жүрегі» жобасы аясында компания қызметкерлері әр сенбі сайын оқушыларға ағылшын тілі бойынша сабақ өткізуде. Оқыту форматы жеңіл әрі ойын ретінде ойластырылған, оқушылар тек ағылшын тілін ғана үйренбейді, сонымен қатар шығармашылық ойлау, есте сақтауды дамыту және логикалық ойлау сияқты дағдыларды меңгереді.

— Бұл жобаға «Теңізшевройл» компаниясының қызметкерлері ерікті ретінде қатысады, әрі өздерінің демалыс уақытында сабақ береді. Олардың арасында өзіміздің жерлестеріміз де, шетелдік қызметкерлер де бар. Жоба басталғалы бері 10-нан астам қызметкер мұғалім ретінде қатысты, олардың жартысы шетелдік азаматтар. Ал осы уақытқа дейін 5-10 сыныпта оқитын 200-ден астам оқушылар біздің сабақтарымызға қатысты. Мұғалімдеріміз сабақты қызықты етуге тырысады, яғни жеке тәжірибемізбен бөліседі, кроссворд, үстел ойындары, интерактивті ойындар мен бейнероликтер секілді қосымша құралдар қолданады. Материалдардың алуан түрлілігі оқушылардың қызығушылығын тудыруға көмектеседі және оларды зеріктіруге жол бермейді. Сөйлесу клубы кәдімгі ағылшын тілін үйрету курсынан ерекшеленеді. Себебі, біз балалардың ауызша сөйлеу дағдыларын дамытуға баса назар аударамыз, оларға «тілдік барьерден» арылуға көмектесеміз, — деді жоба координаторы Гаухар Науарова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Speaking Club-қа деген қызығушылық күннен күнге өсуде. Оқу жылы басталғалы оқушылар саны өскені де байқалады.

— Маған Speaking Club-қа қатысқан өте ұнайды. Мұнда мен көптеген бұрын білмеген қажетті ақпаратты алдым және өз ойымды қалай дұрыс жеткізу керектігін білдім. Осында алған білім мектепте де көмектеседі. Осындай мүмкіндік үшін мен «Жүректен жүрекке» қорына және «Теңізшевройл» компаниясына алғысымды білдіргім келеді,- деді 9-шы сынып оқушысы Тоғайбай Ибраһим.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар ағылшын тілінде сөйлесу клубына жазылу тұрақты негізде жүргізілетінін айтады. Ол үшін барлық ақпаратты жобаның @teniz_juregi парақшасынан біле алады.

Back to top button